+7 (776) 136-72-19/20 Сұрақ қою
EN RU

BI Марафон

До старта осталось
IMG_9805

70 жастағы марафоншы BI-марафонына шақырады

 

Жүгіруден артық спорттың демократиялық түрі жоқ шығар. Жүгіру жаттығуларын кез келген жасыңызда, денсаулғыңыздың кез келген жағдайында бастауға болады. Егер сіз жүре алсаңыз, сіздің қолыңыздан жүгіру де келеді. Әрине, әр адамның өзінің шынығу тәртібі болады, және бұл жерде асықпай естілік таныту керек. Мәселен, үлкен қашықтықтарды бағындырған 70 – жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаевты айтуға болады. Жасының үлкендігіне қарамастан, күніне 20-21 км жүгіру бұл қарияның күнделікті әдетіне айналып кеткен. Салтанат ата өзін өте жақсы сезінеді, және бұның барлығы спорттың арқасы деп біледі. Марафоншы көптеген спорттық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Отандық марафоншы BI Group компаниясына «Алматы марафонында» қолдау көрсетіп, 60+ санатында, ең ұзақ аралықты, яғни 42 км жүгіріп, құрметті үшінші орынға иеленді. Қазіргі уақытта Салтанат ата, 28 мамыр күні, Астанада өтетін BI Group қайырымдылық марафонына дайындалып жүр. 

Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Спортқа қалай келдіңіз?  

— Мен Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында, 1945 жылы 21 шілде күні дүниеге келдім.

Балалық шағым  50-ші жылдарда өтті, шындығын айтқанда ата-анам спортты мүлдем ұнатпайтын. Олардың жас кезінде спорт аса дамымаған еді, сондықтан болар, жаттығуға жасырын қашып кететінбіз. Шабыттандырған адамдар, оқуға кеткен студент ағайлар, үлкен қалалардағы институттарда оқып келіп, ауылдағы балаларды жинап, толықтай тегін шынықтыратын. 

— Қанша жасыңызда спорт сіздің өмірлік мәніңізге айналды?

— 11 жастан деп айтуға болады, ауылда кішкентай кезімізден волейбол, футбол ойнап жүретінбіз, айтып өткендей үкімет тарапынан спортқа үлкен көңіл бөлінетін. Мектепте көптеген спорттық үйірмелерге қатысуға мүмкіндік жасайтын. 

— Төл құжатыңыздан болмаса, сіздің жасыңызға сену қиын…

— «Салауатты өмір салты — денсаулық кепілі» адам ішімдік, арақ секілді жаман әдеттерден аулақ болып, уақытының бір бөлігін спортқа арнаса, денсаулығының сыр бермейтініне сенімдімін. Жапондар күніне 1000 қозғалыс жасау керек деп есептейді, және соның арқасында жапондықтардың көпшілігі  ұзақ ғұмыр жасайды. Сондықтан ешқандай құпия жоқ, тек көп қозғалыс жасап, спортпен айналысу керек.

— Салтанат ата, барлығы сізді керемет марафоншы, ардақты әке, үлгі тұтар ата ретінде біледі.  Сіздің  балаларыңыз спорттық рухыңызды қолдай ма?

Мен спортпен айналысқаннан кейін, әрине балаларым да спортпен бала кездерінен айналыса бастады. Мысалы, үлкен қызым волейбол ойнайды, орта қызым жеңіл атлетикамен айналысады, кенже қызым шахматтан Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы атанды. Анель есімді немерем Қ.Р футбол құрама командасында ойнағанына 5-6 жылдың жүзі болып қалды. Балаларым мені қолдап отырады. Басқа елдерге жол жүргенде барлық отбасыммен шығарып салып, әлеуметтік желілерден марафонның өтуін бақылайды

— Біз биыл ең алғаш рет BI Group компаниясында марафон жасағалы тұрмыз, бізбен бірге бұл марафонға қатысқаныңыз үшін алғыс білдіреміз

— Мен BI Group-та марафон өтетінін естіген кезде, тіпті көзіме жас алдым. Осындай іс – шара Астана қаласында өтетіні қанадай тамаша. Марафонға қатысу үшін, мен Қазан қаласына баруға бас тартып, өз қаламызда өтетін шараға қатысуды ұйғардым. Өзіміздің жастарға  үлгі көрсеткім келеді. Осындай спорттық іс-шараларды көбірек ұйымдастыруға ұмтылу керек, әсіресе өз қаламызда.

— Жарысқа қандай  дайындық жүргізіп жатырсыз?

Жүгіруден басқа дайындық жүргізбеймін, баяғыда атақты профессор былай деп айтқан екен: «Тамаша жүгіргің келсе жүгір, керемет секіргің келсе секір». Күніне 20 шақырым жүгіргеннен артық не керек?! Спортшы болғасын әрдайым өзіме мақсат қоямын, қазіргі уақытта әлем чемпионы болуға дайындалып жүрмін, ол бола ма әлі белгісіз, қалай болғанда да өзіме мақсат қойдым, және сол мақсатыма жетуге тырысамын.

— Денсаулыққа зиян келтірмей үлкен қашықтықтарға қалай дайындалу керек? Біздің жаңа бастап жатқан әуесқойларға қандай кеңес бересіз?

Аз уақытта үлкен аралықты бағындыруға асығыстық жасауға болмайды, ең алдымен спорттық жүрістен бастап, қашықтықты арттырып отыру керек. Қазір дала жылы, жүгіруге ең ыңғайлы уақыт. Қуантатын жәйт Астанада жүгіретін жерлер көп, парктер, скверлер, спорт алаңдары. Ең алдымен жастарға айтарым, спортпен айналысыңдар, салауатты өмір салтын сақтай отырып қанық өмір сүре аласыңдар!

 

Салтанат Түйтебаев, өзінің мысалымен жүгірудің денсаулыққа өте пайдалы екенін, спортпен айналыса отырып адам өзін, тұлғасын, өмірін де өзгерте алатынын көрсетті. Салтанат ата, барлық адамдарға үлкен үлгі болып, спортпен айналысуға шақырады.  Өз тарапымыздан Салтанат атаға денсаулық, жаңа белестер, сондай-ақ қайырымдылық марафонына қатысушыларға сәттілік тілейміз! 

Астана қаласында 28 мамыр күні олимпиада чемпиондарының қатысуымен өтетін қайырымдылық марафонына қатысуға ниет білдірушілерді шақырамыз. Марафоннан түскен қаражаттың барлығы «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорына аударылатынын еске түсіреміз..  

 

13 мая 2016